Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Карагандинская область

Қолдау . Сенім. Мүмкіндік.

Қолдау . Сенім. Мүмкіндік.

Еліміздегі барша жастар, өскелең ұрпақ үшін аса маңызды болып табылатын үстіміздегі жылы  жастар саясатын жүзеге асыруда не істеліп жатыр, "Жастар жылы" қандай  міндеттер жүктейді, жүзеге асырылуы тиіс қандай жоспар, атқарылатын іс-шаралар бар? Жалпы, бүгінгі қоғамның белсенді бір мүшесі болып табылатын жас жігіттер мен қыздарды қандай мәселелер толғандырып жүр, олар қандай бір тың шешім қабылдауға дайын?

Бұның бәрі қала әкімі  А.Аглиулиннің төрағалығымен өткен Жастар Кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланды. Жаңадан ашылған "Рухани жаңғыру" ғимаратында өткен шараға өңіріміздегі арнаулы білім беретін оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары және қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген азаматтар қатысты. Жастардың жиі бас қосатын орталығына қала тұрғындарының ең белсенді өкілдері түгел жиналды.
Қашан да сөзден гөрі нақты шараның жүзеге асқанын қалап тұратын қала басшысы бірден іске көшіп, жастарды алдымен осы жиынға арнайы қатысқан қала әкімдігінің бөлім басшылары мен жастар саясатын жүзеге асыруға қатысы бар деген бірнеше мекемелер мен ұйымдардың өкілдерін тыңдап көруге шақырды.
Бұл Кеңестің бір ерекшелігі, отырыстың өту барысы тікелей эфирге шығарылып, оны кез-келген балқаштық әлеуметтік желіден онлайн жүйесінде тамашалап, өз тарапынан сұрақтар туындап жатар болса, бас қосудың соңына жоспарланған сұрақ-жауап бөліміне жолдау мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, жиын барысына келер болсақ, жастар саясатын жүзеге асыруға тікелей жауапты "Балқаш қаласы ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Беркеновтың хабарламасы бойынша, мемлекеттік маңызы бар осы шара тоғыз бағытта өрбімек. Ең бірінші ұйымдастыру шараларының ішінен біздің көңілімізді аударғаны алдағы уақытта қала жастарының біртұтас базасын құру жоспарланып отыр екен. Одан кейінгі атқарылар істерге келсек, белгіленген жоспар бойынша жастарды еңбек етуге ынталандыра отырып жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікпен шұғылдануларына барынша қолдау көрсету де аса маңызды іс-шаралардың бірі болмақ. Осы орайда кәсіпкерлікті дамыту мен жас кәсіпкерлерді қолдауға бөлінетін қала әкімінің грантын 3 млн. теңгеден 7 млн.теңгеге дейін ұлғайту қарастырылып жатқанын айтып кеткен орынды болар.
Жастардың салауатты өмір салтын ұстана отырып, дене шынықтыру және спортпен айналысуы, соның негізінде бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосуы да назардан тыс қалмапты. Заң бұзушылықтың алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес осы тоғыз бағыттың басымдылық берілер бөлімінің бірі болады. Жастардың ұлттық мәдениет құндылықтарын бойына сіңіре отырып, тіл саясатын жүзеге асыруға жұмылдыру назардан тыс қалмаған. Күн тәртібінен түспей тұрған, аса бір маңызды мәселелердің бірі жастарды, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету екендігі шындық. Осы бағыт, сонымен қатар жас отбасыларға қолдау көрсету бойынша да үстіміздегі жылы біраз іс-шаралар жүзеге асырылмақшы. Бөлім басшысының хабарламасынан кейін жиналған жастар алдына шыққан әкім аппаратының жауапты қызметкерлері, "Атамекен" ҚР Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы Балқаш филиалының, қалалық денсаулық сақтау бөлімінің өкілдері осы тоғыз бағыт бойынша жеке-жеке тоқталып, тыңдаушыларға жан-жақты ақпарат берді. 
Кеңестің қорытынды бөлімі қала әкімінің аудиторияның және тікелей эфир барысында келіп түскен сұрақтарға жауап беруімен құнды болды. Қаламыздың бүгінгі тіршілігі мен кескін-келбеті, оны көркейту мен абаттандыру, қала жолдарының жөнделуі, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, қаламыздағы саябақтардың тағдыры мен  көл жағалуындағы иесіз жатқан ғимараттарды іске жарату, жазғы демалыс, қоғамдық көлік, кәсіптік бағдар алу, тағы да басқа бүгінгі қоғам өмірінің сан қырын қамтыған сұрақтарға жиналған қауым қала әкімінің тарапынан тұшымды жауап ала алды.  Белсенді қыз-жігіттер де қарап отырмай жаңа бастамалар мен жобалардың жүзеге асырылуына байланысты өз пікірлерін білдірді. Қала басшысы жиналған жастардың сауалдарына жауап бере отырып, олардың ұсыныстарын тыңдады, ойымен бөлісті, жекелеген сұрақтар бойынша жауапты адамдарға тапсырмалар берді. Осыдан кейін жиынды қорытындылаған А.Аглиулин екі сағатқа созылған бас қосуға көңілі толғандығын жасырмай, жастарды әрдайым қолдап, оларға үлкен сеніммен қарайтынын білдірді, жастарды бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Екі жақ  Жастар Кеңесінің тоқсан сайын өтетін мәжілісін күтпестен ай сайын кездесіп отыруға уағдаласты.

 

Другие новости