Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Карагандинская область

Жаңа белес

Жаңа белес

Үстіміздегі жылы қала жастарының басын біріктірген бірегей ұйым "Балқаш қаласының жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайының жанынан "Рухани жаңғыру" мәдени-танымдық орталығының ашылуымен үлкен қуанышқа кенелді.

Ол баста жастардың бастамашылық орталығы болып құрылған мекеменің бұл күнде іс-қызметінің аясы едәуір кеңейген. Соған сәйкес орталықтағы қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, әдеби, шығармашылық, танымдық т.б. бағыттарда жұмыс істейтін қызметкер жастардың қатары біршама толыққан. Бүгінде қала көлемінде өткізіліп жататын мәдени-көпшілік шаралардың "Рухани жаңғыру" мәдени-танымдық орталығының қатысуынсыз өтетіні кемде-кем. Бұл жерде жастармен жұмыс істеудің алдағы жылдарға кешенді бағдарламасы қабылданған. 
Жалпы жұмысы жайлы айтар болсақ, орталықта бүгінгі таңда жастардың ынтасы, қызығушылығы мен бейімділігін ескере отырып құрылған тоғыз клуб жұмыс істеп тұр. "Жас заңгерлер" клубы, "Креатив" көркемдік графика клубы", "Киберспорт" клубы, "Шешендік өнер" клубы. Бұл орталыққа шоғырланған жастар клубтарының тек бірнешеуінің атауы ғана. Одан тыс осы жерде ұйымдастарылған еріктілер қозғалысының жұмысы ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Қашан да көмекке зәру жандарға, жеке тұратын соғыс және еңбек ардагерлеріне қолғабыс жасау, еліміз бойынша қабылданатын жастар бағдарламаларына белсене қатысу осы еріктілердің еншісінде. 
Жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында жұмыссыз жүрген жастарды еңбекке орналастыру орталық жұмысының басты бағыты болып саналады. Осы орайда үстіміздегі жылы барлығы 64 балқаштық жас "Жастар тәжірибесі" бағдарламасының көмегімен еңбекке араласқан.
Әр жылы жаз айларында "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары қаламызды абаттандыру жұмысына қатысып, қаламыздың көркейе түсуіне өз үлестерін қосып келеді.
Орталықта жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға бизнесте алғашқы қадамын жасауға көмектесуге айрықша көңіл бөлінеді. Өз кәсібін ашуды армандайтын жастармен жұмыс студенттік шақтан қолға алынған. Осы бағытта мекеме жұмыспен қамту орталығымен, қалалық кәсіпкерлер палатасымен, "Жас Отан" жастар қанатымен, арнаулы білім беретін оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Сонымен қатар орталықтың есігі өмірдің кейбір сәттерінде тығырыққа тірелген жастарға дұрыс бағыт-бағдар, заң кеңесін беру үшін қашан да айқара ашық.
Орталықтың тікелей ықпал етуімен және басшылық жасауымен өтетін жастар акциялары қашан да өз қолтаңбасымен ерекшелінеді. Еліміздегі, облысымыз бен қаламыздағы мемлекеттік мәні зор оқиғаларға, айтулы даталарға үн қататын бұндай акциялар әр тақырыпты қамтыған.
- Осы күнге дейін білім-ғылым алдыңғы орында болып келсе, қазіргі уақытта, солармен қатар жастардың санасына қазақилықты, бойына рухани құндылықтарды сіңдіру басты мақсатымыз болып отыр, - дейді орталық директоры Расул Касенхан. - Біз сол бағытта өзгелерге үлгі көрсетіп, жақсы қолдау тауып жатырмыз.
Сондай-ақ, "Рухани жаңғыру" орталығы үшін жеткіншектерге патриоттық және әскери-патриоттық тәрбие беру қашан да жастар саясатының негізін құраушы бағыт болып қала береді.
Дегенмен, бұлардың бәрі жоспарлы түрде жолға қойылып, ұйымдастырылуы, өткізілуі қала басшылығының тарапынан оң бағаланып жатқанымен, бос уақытты тиімді пайдалану бағытындағы өткізілетін мәдени-көпшілік шараларға жастардың өздерінің беретін бағасының орны ерекше. Өйткені бұл  ұйымдастырылуы күрделі, талмай еңбек ету мен едәуір қажыр-қайратты талап ететін шаралар. Үстіміздегі жылдың өзінде қала жастары үшін алпысқа жуық мәдени-көпшілік шара өткізіліпті. Алдағы уақытта да мәні мен мағынасы келіскен ондай шаралардың дүниеге келе берері сөзсіз. Өйткені, осыдан жеті жыл бұрын бастамашылық топ болып басталған ұйым бүгінде ауқымды қозғалыс дәрежесіне жетті. Ол өз болашағын қаламыздың кемел келешегімен байланыстыратын, жүздеген білімді де белсенді жастардың бастарын біріктіретін беделді ұйымға айналды.
Ал, келер жыл Қазақстан Республикасының Президентінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №784 жарлығымен Жастар жылы деп жарияланғанын ескерер болсақ, осы кезеңде "Рухани жаңғыру" мәдени-танымдық орталығының жұмысының жаңа белеске көтерілері даусыз.
 

Другие новости