Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Карагандинская область

Өзгермейтін "Ветерок"

Өзгермейтін "Ветерок"

Балқаш қаласының мәдени өмірінен ойып тұрып орын алатын осы жылы есте қалар оқиғаның бірі деп "Ветерок" халықтық хореографиялық би ансамбіліне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Людмила және Иван Струсинскийлердің есімі берілуін атауға болар еді.

Бүгінде "Ветерок" үлгілі би ансамбілі Балқаш қаласының брендіне айналған десек ешкімнің дауы бола қоймас. Өткен ғасырдың ортасында қазіргі М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында дүниеге келген кішкене ғана би тобынан арада өткен жарты ғасырдан астам уақытта мыңдаған балқаштықтар өнер әлемінің есігін ашып, қанаттанып ұшты. Перзентінің әсем де әдемі, өнерлі де жан сүйсінерлік тәрбиелі болып өсуін қалаған кез-келген ата-ана "баламды қайда берсем екен деп" ойланғанда бүлдіршінін ең алдымен "Ветерокқа" жетектеп әкелері балқаштықтардың қым-қуат тіршілігінің бір сәтіне, тіптен өмір салтына айналған.
Жерлестерімізге өнер ұжымының құрылу тарихы ежелден таныс болса керек. Ол ең алдымен қаламыздың өмірімен, тарихымен біте қайнасып кеткен Мысшылар Мәдениет сарайының құрылысының жүргізіліп, аз уақыт ішінде бой түзеп, пайдалануға берілуімен тығыз байланысты. Жаңа қаланың болашақ мәдени орталығының негізін оның алғашқы құрылысшылары қалаған. Иен далаға Балқаш сынды алып өндіріс ошағын ашуға келгендер екпінді еңбек етумен қатар, бос уақыттарында тиімді, көңілді дем ала білген. Ең алдымен бір топ белсенді жастар мәдени клуб ашады. Онда театрландырылған көріністер қойылып, ақындар сайысқа түсіп, музыкалық және вокалдық үйірмелер жұмыс істей бастаған. Сол кездерде өмірге келген көркемөнерпаздар үйірмелері кейіннен қаламыздың даңқын тек Қазақстан ғана емес, барша кеңес елі кеңістігіне асырған мәдениет сарайының шығармашылық бірлестіктерінің негізін салады. Мәдениет сарайы ашылған сәттен "Балхашские зори" ән-би ансамбілі дүниеге келеді. Қаламыздың тарихынан сыр шерткенде, ең алдымен осы  өнер тобының даңқты "Ветерок" би ансамбілінің қайнар бұлағы болып табылатынын айтып өткен орынды. Өйткені он жыл бойы осы ансамбілде қатар жүрген ерлі-зайыпты Людмила және Иван Струсинскийлер бір күні балалар би ансамбілімен жеке өнер тобын құруға шешім қабылдайды. Бұл 1964 жыл болатын. Міне, сол кезден бастап "Ветероктың" өмірлік шежіресі басталады. Құрылғанынан бергі жарты ғасырдан астам уақыт ішінде "Ветерок" талай рет бүкілодақтық және республикалық конкурстарының жеңімпазы атанады, Еуропа және Азия құрылықтарында өткен халықаралық фестивалдерде өнер көрсетіп,  өзінің талантын мойындаттырады. 

Сол кездері Кеңес Одағының барлық қалаларын аралап, шет елдерде сахына төріне шыққан, небір өнер майталмандарын өзінің жоғарғы дәрежедегі шеберлігімен таңдай қақтырған "Ветерок" ансамбілі 1977 жылы "халықтық", "үлгілі" хореографиялық ансамбілі деген атаққа қол жеткізеді.
Бүгінде ерлі-зайыпты Людмила Леонидовна және  Иван Михайловичтің алдынан өткен өнер қырандарының санында есеп жоқ. Өзі ісіне берілген, таланты мен маңдай тер еңбегін, бар саналы ғұмырын ансамбілге арнаған жандардың арқасында өнер ұжымы тек қаламыздың ғана емес, республикамыздың мақтанышына айналды десек артық айтқандық бола қоймас. Балқаш топырағында дүниеге келіп, би өнерінің әліппесі - "па" әдісін Струсинскийлердің алдынан бастаған жүздеген қыз-жігіттер бүгінде еліміздің, алыс-жақын көршілес елдердің, тіптен әлем сахналарының сәні болып жүр. "Шәкіртсіз ұстаз - тұл" десек, Струсинскийлер тәрбиелеп шығарған бишілердің есімі елімізден тысқары жерлерде де кеңінен танымал, есімдері құрметпен аталады. Олар өткен би мектебі ешбір талас тудырмайтын кәсіби шеберліктің кепілдігі болып табылады. Алматы, Пермь, Новосибирск хореографиялық училищелерінде оқыған  балқаштықтар сонау бала кезден негізі қаланған білімінің арқасында небір өнер шыңдарын бағындырған. Струсинскийлердің оқушыларының арасында есімі би әлеміне ерекше аталатын жандар жеткілікті. Олардың бәрін айтып тауысу мүмкін емес, тек гастролдік сапармен жарты дүниені айналып шыққан, бүгінгі таңда Болгарияда еңбек етіп жүрген, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гуля Пішенбаева, өнер магистрі, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы Анвара Садыкова, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Наталья Винидиктова, өнерге еңбек сіңірген қайраткер Дмитрий Сушковтарың есімдерін ғана  атап өту көп нәрседен хабар берері анық. Өмірдің өзі сан мәрте дәлелдегендей, өнер жанұясынан шыққан балалардың да сол өнердің маңында жүрері һақ. Людмила және Иван Струсинскийлердің ұлдары Андрей балетмейстер болса, қыздары Яна осы "Ветерокта" көркемдік жетекші болып еңбек етеді, кейіннен атақты Филипп Киркоровтың би тобында өнер көрсетеді. Ұстаздарының жолын жалғастырған Е.Фельде, Т.Репченко, В.Чернова, Н.Еремеева, Е.Бойко сынды шәкірттері де бертінде білікті де білімді педагогтарға айналды.
Қазіргі таңда "Ветерок" ансамбілінің құрамында әр жастағы үш жүзден астам бүлдіршіндер мен бойжеткен қыздар, бозбалалар бар. Бұл соңына өшпестей із қалдырған, есімдері Балқаш қаласының тарихына, оның мәдени өмірінің жылнамасында алтын әріптермен жазылып қалған Людмила және Иван Струсинскийлердің ісі жалғасын тауып келеді деген сөз. Әрине, өмір бір орында тұрмайды, әр кезең өз сүрлеуін салады, өзінің жаңалықтарымен есігін ашады. Уақыт жылжиды, ұрпақ ауысады, айналадағы болып жатқан құбылыстарға, өнерге деген көзқарас қайтсе де өзгереді. Бірақ, өзгермейтін бір нәрсе, ол  - қаламыздың тарихымен бірге жасасып келе жатқан халықтық, үлгілі "Ветерок" хореографиялық би ансамбілінің бар екендігі, әлі де бола беретіндігі. Сондықтан, оған ұжымның негізін қалаған ерлі-зайыпты Людмила және Иван Струсинскийлердің есімінің берілуі өмірдің заңы, осы замандағы қабылданған ең бір әділетті шешімдердің бірі болса керек

Другие новости