Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Карагандинская область

Мұрат Әуезов: «Тарихи құндылықтарымыз сақталуы тиіс»

Мұрат  Әуезов: «Тарихи құндылықтарымыз сақталуы тиіс»

"Жібек жолы бойындағы сұхбат-2018" мәдени жобасының Балқаш жерін­де жоспарланған іс-шараларының бірегейі ұлт мақтанышы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың ұлы, жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовпен кездесу қалалық Оқушылар сарайында өтті.

- Біз соқпағы ерте заманда салынған Ұлы Жібек Жолының нақты бағытымен жүріп келеміз, - деген еді өз сөзінде М.Әуезов. - Жылдар өткен сайын біздің қатарымыз толығып келеді. Бүгінде бізбен бірге Ресей, Грузия, Түрік, Қытай мемлекеттерінің азаматтары бар. Мен "Жібек жолы бойын­дағы сұхбат" мәдени жобасының тек қазақ жерінде ғана емес, сол жол басып өткен жерлерде орын тепкен елдерде өтсе екен деген арманымыздың жүзеге асып келе жатқанына қуанамын.

Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің заманауи тарихында өзіндік орны бар тұлғамен кездесуде балқаштық жастар алуан тақырыпта сұрақтар қойып тұшымды жауап ала алды. Мұрат Мұхтарұлы ең бастысы, жобаның қай өңірде болмасын үлкен түсіну­шілікпен қабылданып отырғанын ерекше атап өтті. Мәдени шара Абай оқуларымен шымылдығын жапты. Талай сыннан сүрінбей өтіп, облыстық, республикалық сөз сайыстарында топ жарып жүрген бал­қаштық жастар ұлы Абайдың шығармаларын ана тілімізбен қатар орыс, ағылшын және неміс тілдерінде сөйлетіп, көрермендер мен келген қонақтарды өз шеберліктерімен таңдай қақтырды.

Жалпы "Жібек жолы бойындағы сұхбат-2018" жобасы жайлы, оның қазіргі қоғамдағы, әлеуметтік, мәдени өміріміздегі алар орны жайлы келелі әңгіме одан кейін Мұрат Әуезовтың қатысуымен өткен дөңгелек үстел басында жалғасты. Заманауи жоба ретінде ол өткен ғасырлардағы сауда жолы сияқты Орта Азия халықтарын жақындастыруға, достығының нығайып, мәдени алыс-беріс жасауға қызмет етуі тиіс. Бұны алыс-жақыннан келген қонақтар, сарапшылар, философтар мен саясаттанушылар, ғылым мен мәдениет қайраткерлері бірауыздан мақұлдады.

Айта кету керек, бұл күні дөңгелек үстел басына тек әр ұлт өкілдері ғана емес, сонымен бірге әр ұрпақ өкілдері бас қосқан болатын. Сөз алушылардың арасында студент жастар мен үлкен ғылым жолына жаңа қадам жасап жатқан жас ғалымдар мен мәдениет, өнер қайраткерлері де аз болмады. Балқаштық жастар осы бір тарихи әңгіменің бел ортасында отырды.

Жиылған жұртқа, жалпы қарсы алып, үлкен құрмет-қошемет көрсеткен Балқаш халқына деген ризашылығын жасырмаған Мұрат Әуезов Бектауатаның тамаша табиғатына, өткен келелі кездесулер мен жарасымды жүздесулерге, Абай оқулары барысында танысуға мүмкін болған балқаштық жас мәнерлеп оқушылардың шеберліктеріне тәнті болғанын айтты.

- Бізге тіпті ауа-райының өзі бар мейірімін төгіп, ерте күздің шуақты күндерін сыйға тартқандай болды. Бектауата тауы, Сары­арқаның самалы мен жусан исі маған ерекше әсер берді. Ең бастысы, осы жердегі ақ жүректі, ақжарқын, қонақжай адамдар­ға қатты риза болып аттанып бара жатырмын, - дей келе Мұрат Мұхтарұлы шараны жоғарғы дәрежеде ұйымдастырып өткізген облыс, қала басшылығына, екі күн бойы көрсеткен құрметке, халықтың ыстық ықыласына алғысын білдірді.

Другие новости